2025 жылғы ҰБТ-да ең жоғарғы балл жинаған – Түркістан облысының түлегі Жәнібек Әбілхан. ЕНТ-дан 140 балл жинаған ауыл оқушысына пәтер сыйға берілді.
Бұған дейін Жәнібек Әбілхан білім алған оқу орталығы 140 балл жинаған түлекке пәтер сыйлайтынын жариялаған болатын. Орталықта мектеп бітірушіге пәтерге арналған сертификат табысталды. Орталық өкілдерінің айтуынша, баспана Жәнібек оқуға түсетін қалада оның отбасына сатып алынады.
Жоғары нәтижесі үшін Жәнібекке iPhone смартфоны, ноутбук, теледидар және басқа да құнды сыйлықтар табыс етілді.
Жәнібек Әбілхан – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауылда орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Ол көпбалалы отбасынан шыққан.
Жәнібек ҰБТ-да бейіндік пән ретінде информатиканы таңдаған және биыл Қазақстанда ең жоғарғы – 140 балл жинаған алғашқы мектеп бітіруші атанды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары мектеп бітірушіге облыс басшысының атынан ноутбук сыйлады. Сонымен қатар, Жәнібектің ұстаздарына алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кетейік, 16 мамырда Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталды. Бұл кезең 7 шілдеге дейін жалғасады. Бұған дейін хабарланғандай, талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жақсы нәтижемен қатыса алады. Бірақ екі мүмкіндікке тек бір ғана бейіндік пәндер комбинациясын таңдауға рұқсат етілген.
ҰБТ-дан 140 балл жинаған алғашқы оқушыға пәтер сыйға берілді
